А.Ғиният МСАК дамытудың басым бағыттары туралы баяндады
Амбулаториялық деңгейде консультациялық-диагностикалық қызметтер көлемін 1,5 есе ұлғайту жоспарлануда, бұл ауруларды ерте диагностикалаудың қолжетімділігін арттыруға және халықтың денсаулық сақтауға жеке шығыстарын төмендетуге мүмкіндік береді. Бұл туралы ведомствоның кеңейтілген алқа отырысында ҚР Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният хабарлады.
Ол амбулаториялық хирургияның одан әрі дамуын атап өтті, онда ағымдағы жылы көрсетілетін қызметтер көлемін 1,7 есеге және амбулаториялық оңалтудың III кезеңіне ұлғайту көзделген.
“Біз МСАК-ты қаржыландыру үлесін 2025 жылға дейін денсаулық сақтауды қаржыландырудың жалпы көлемінің 60% – ына дейін жеткізу бойынша жұмысты жалғастырудамыз. Қазірдің өзінде осы көрсеткішті 54% – ға дейін жеткізе отырып, осы мақсатқа қол жеткізуге барынша жақындадық. Бұл бізге МСАК – тың профилактикалық бағытын ұлғайтуға мүмкіндік берді”, – деді министр.
Атап айтқанда, 5 мың тұрғынға 1 бригада есебінен мобильді бригадалар енгізілді. Олардың республика бойынша жалпы саны 3,6 мыңнан асады, 2021 жылы мобильді бригадалар шамамен 3 млн қызмет көрсетті, бұл 2020 жылмен салыстырғанда 5 есеге артық.
Сондай-ақ, созылмалы инфекциялық емес аурулардың 3 түріне: артериялық гипертензияға, қант диабетіне және созылмалы жүрек жеткіліксіздігіне байланысты ауруларды басқару бағдарламасымен қамту кеңейтілді.
Дистанциялық медицинаны дамытуға көп көңіл бөлінеді. Медициналық қызметтер “дәрігер-пациент” деңгейінде көрсетіледі. 2021 жылы 6,5 млн-ға жуық қашықтықтан қызмет көрсетілді, оның 1 млн-нан астамы ауыл халқына.
Бастапқы буын қызметін қажетті материалдық-техникалық базамен қамтамасыз ету мақсатында 2025 жылы 500 МСАК нысанының құрылысы жоспарланған.
Қазақстанда 5 695 МСАК ұйымы бар екенін естеріңізге саламыз: қалаларда – 501, ауылдарда – 5 194. МСАК ұйымдарында 12 678 учаске жұмыс істейді: оның ішінде ЖПД (жалпы практика дәрігері) учаскелері – 9 636, педиатриялық учаскелер – 1 913, терапиялық учаскелер – 1129.