МЕДИЦИНАЛЫҚ САҚТАНДЫРУҒА НЕ ҮШІН ТӨЛЕУ КЕРЕК?

 Медициналық сақтандырудың ел көлемінде енгізілуіне санаулы айлар қалды. Бұл реформаның маңыздылығы неде, төлем мөлшерін қалай есептеу керек және не үшін сақтандырыламыз? Аймақ тұрғындарының осы және өзге де сұрақтарына жауапты «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ Павлодар облысы бойынша филиалының тұрғындарды ақпараттандыру және өтініштерді қарастыру бөлімінің сарапшылары жауап берді.   

2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап Қазақстанда халықтың, мемлекет пен жұмыс берушілердің ортақ жауапкершілігіне негізделген міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі енгізіледі. Азаматтар медициналық көмекті мемлекет тарапынан тегін медициналық көмек және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру пакеттері бойынша ала бастайды. Қазір ел азаматтары денсаулыққа жұмсалатын жалпы шығынның 40 пайызын өз қалтасынан төлейді. Дәрі-дәрмек сатып алады, ақылы клиникаларға қаралады. Мұның отбасы бюджетіне едәуір салмақ түсіретіні даусыз. Жаңа жүйе осы шығындардың белгілі бір бөлігін сақтандыру есебінен жабуға мүмкіндік береді. Сол арқылы тегін көмекке қарағанда әлдеқайда көп әрі сапалы қызмет алуға болады. Сақтандырылған адамдар тексеріс пен ем қабылдауға кететін шығындарға алаңдамаса да болады. Сондықтан медициналық сақтандыру төлемдерін аударған тиімді. Бағасы қымбат болып келетін операциялар, сирек медициналық қызмет түрлері, салалық мамандардың қабылдауы, МРТ, компьютерлік томография, ПЦР-анализ сынды қызметтер сақтандырылғандар үшін келесі жылдан бастап қолжетімді болмақ. Дегенмен, төлем жасамайтындар медициналық қызметсіз қалмайды. Олар учаскелік терапевтің қабылдауына жазылып қана қоймай, тексерістен өтіп, бірқатар қауіпті дерттерді де тегін емдей алады. Жедел медициналық жәрдемнің қызметі де ақысыз қала береді.

 Медициналық сақтандыру қанша тұрады және ол үшін кімдер төлейді?

Заң бойынша елдің барлық жұмыс істейтін тұрғындарының табыстарынан міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) жүйесіне жарналар алынуы тиіс. Ағымдағы жылы жарнаны тек жұмыс берушілер ғана төлейді. Оның көлемі – жалдамалы қызметкерлерге берілетін еңбекақының 1,5% – ы. Ал 2020 жылдан бастап медициналық сақтандыру жүйесі іске қосылған кезде жұмыс беруші сіздің жалақыңыздың 1% әлеуметтік медициналық сақтандыру Қорына аударып отырады. Ал 2022 жылдан бастап түскен табысыңыздың 2% ұстай бастайды. Ал жұмыс беруші өз кезегінде қызметкерлері үшін жарна аударуды жалғастыратын болады: 2020-2021 жылдары – 2% көлемінде, ал 2022 жылы – 3 %.

Медициналық сақтандыруға өз еркімен  кімдер төлем жасау керек?

Келесі жылдан бастап жеке кәсіпкерлер, шаруа қожалықтарының иелері және жеке тәжірибемен айналысатын тұлғалар (жеке адвокаттар, сот орындаушылары және т.б.) ай сайын 1,4  ең төменгі жалақының 5% медициналық сақтандыру үшін жарна аударатын болады. Ағымдағы жылдың бағасымен есептесек, жарнаның көлемі 2975 теңгені құрайтын еді. Ал олардың қатарына жатпайтын және жалдамалары жұмыскер емес қазақстандықтар төлемді өз еркімен аудара алады. Дербес төлемшілер медициналық сақтандыру жүйесіне төменгі жалақының 5% төлейді. Айта кету керек, 2019 жылы бұл көрсеткіш 42500 теңгені құрайды.     Тұрақты табыс немесе ресми еңбек шарты жоқ азаматтар да медициналық сақтандырудың қатысушысы бола алады. Мұндай мүмкіндік жалдамалы еңбек күшін тартпай, өзге жеке тұлғаларға қызмет көрсетіп, өзін-өзі жұмыспен қамтып отырған қазақстандықтарға беріледі. Мысалы, саяжайының көкөністері мен жемістерін сатумен, көмір тиеумен немесе бақшаға егін егумен, бала күтуші, репетитор, үйде компьютер жөндеумен айналысатын азаматтар бірыңғай жиынтық төлем (БЖТ) төлей алады. Ең төменгі аударымдар үшін (0,5 – 1 АЕК) азамат бірден үш әлеуметтік жүйенің қатысушысы болады: зейнетақы (жұмыс өтілі есептеледі), әлеуметтік және медициналық сақтандыру.    Медициналық сақтандыру заңмен енгізілді. Жұмыс берушілердің, ЖК, жеке тәжірибемен айналысатын адамдардың жүйені орындауын Мемлекеттік кірістер департаменті – салық міндеттемелерін орындау қағидаты бойынша қадағалайтын болады. Төлем мерзімін кешіктіргендер үшін өсімпұл жүреді, қасақана төлем жасамайтындардың шоты қамауға алынады.  Жинақталған қаржы Ұлттық Банкте сақталады. Мемлекет пен уәкілетті орган – денсаулық сақтау Министрлігі тарапынан, тікелей Қормен бақыланып, 2020 жылы міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру шеңберінде медициналық қызметтер пакетін қаржыландыруға бағытталады.

 

DptOq5OWwAAJxDV

 


You may also like...