Сәуір айында COVID-19-ға қарсы вакцинаның жаңа партиясы жеткізіледі.
Сәуір айында түрлі өндірушілерден шамамен 2,5 млн. доза вакцина жеткізіледі деп күтілуде. Бұл туралы 30 наурыз күні Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой ОКҚ брифингінде мәлімдеді. “Короновирустық инфекцияға қарсы вакцинация жалғасуда. Бүгінгі күні бірінші компонентпен 131 170 адам егілді. 22 ақпаннан бастап екінші компонентпен 32 482 адам егілді. Қолайсыз көріністер тіркелген жоқ. Өңірлерге КВИ – ға қарсы вакцинаның 150 мың дозасы жеткізілуде”, – деді А.Цой. Вакцинаның бұл көлемі КВИ-ға қарсы вакцинациялауға жататын контингентті және вакцина алғысы келетін адамдар үшін вакцинацияның қолжетімділігін барынша кеңейтуге мүмкіндік береді. Денсаулық сақтау министрі вакцинация вирустың таралуын азайтудың жалғыз жолы екенін тағы бір рет атап өтті. Осыған байланысты ол вакцинацияға қарсы көрсетілімдері жоқ әрбір қазақстандықты екпеден бас тартпауға шақырды. Тек вакцинация арқылы бұрынғы шектеусіз өмірге оралуға болады.